КӨМБЕДЕН КҮМБІРЛЕГЕН ӘДЕБИ МҰРА

А.Байтұрсынұлының әзірге белгілі болып отырған тырнақалды мақаласы «Киргизкие приметы и пословицы» деп аталады. Ахметтанушылардың барлығы дерлік осы еңбекті ұлы тұлғаның алғашқы мақаласы деп таниды. Өкінішке орай, оның толық нұсқасымен баспа жүзінде танысу мүмкіндігі бұл күндерге дейін бұйырмай келген болатын. 2019 жылдың 1-7 сәуір аралығында Қостанай мемлекеттік университеті ұйымдастырған «Ахмет Байтұрсынұлы ізімен: Орынбор кезеңі» атты ғылыми-танымдық экспедиция жұмысының барысында Орынбор архивінен аталмыш мақаланың түпнұсқасымен танысып, оның көшірмесін жасап алу мүмкіндігі туды.

Мақала Орынборда шығатын «Тургайская газетаның» 1895 жылғы № 39 санында жарық көреді. «Тургайская газета» – Торғай облысының «Тургайские ведомости» газетінің жексенбілік қосымшасы. Аталмыш қосымшада қазақ фольклорына, этнографиясына, тарихына қатысты деректер мен танымдық мақалалар тұрақты жарияланып тұрды. «Тургайские ведомости» басылымына алғашқыда Торғай облысы басқармасының бөгде жұрттар мәселесі туралы кеңесшісі И.И. Крафт редакторлық еткен. Газет 1895 жылдың №25 санында далалық өлкелерде тұратын өз тілшілеріне қазақ арасынан ауа-райы туралы болжам сөздерді («примета» деген орыс сөзін мақаланың мазмұнына сай осылай аударуды жөн санап отырмыз ) жазып алып түпнұсқада немесе орыс тіліне аударып жіберулерін сұрайды. Газеттің бұл бастамасына А. Байтұрсынұлы үн қатып, қазақтың күн райына қатысты айтылатын 36 түрлі болжам сөзін басылымға жолдайды.

А.Байтұрсынұлы аталмыш мақаланы «Киргизкие приметы и пословицы» деп атаған. Оның себебі ол кейбір ауа-райы туралы болжамдарды сөз еткенде, ол оған қатысты қазақтың мақал-мәтелдерін де тілге тиек ете отырып баяндаған. Сондықтан болар мақала болжамдық сөз шеңберінен шығып, оның іргесі кеңейіп, онда қазақтың біршама мақал-мәтелдері де қамтылған.

Бүгінгі оқырманға бұдан 124 жыл бұрын жарияланған мақаланың орыс тіліндегі түпнұсқасымен (редакция түсініктемесін сақтай отырып) ешбір өзгеріссіз ұсынуды жөн көріп отырмыз. Мұны қазақша аудару мәселесі де өткір тұр. Әркім әртүрлі аударып, түпнұсқадан алшақтап кетпеу үшін бұл мәдени-әдеби мұраны кәсіби мамандардың біріге отырып аудару қажет-ақ. Біз бұған дайынбыз. Хабарласу үшін пошталық адресімізді ұсынамыз: absalmas@mail.ru.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған